Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясаты терең әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болды. Барлық салада қайта қалпына келтіру, санаға өзгеріс енгізу арқылы жаңа саяси шынайылық қалыптасты. Солардың басында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы бастамасын айтуға болады.

Әрине, Мемлекет басшысы қолға алған өзгерістердің мақсаты реформа­лардың өзі үшін ғана емес, оның басты нәтижесі – ұлттың сапасын арттыру, Әділетті Қазақстан құру. «Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі», деген Президент әділдік қағидасын қатаң ұстанып келеді. Бұл бағытта баршаға тең мүмкіндік бере­тін инклюзивті саяси жүйе орнықтыра­­тын, экономикалық, әлеуметтік әділдік­ті қалыптастыратын ізгі бастамаларды жұртшылық жақсы біледі.

Осы ретте іргелі реформалардың жа­һан­дық даму циклінің өзгеруі кон­те­ксінде жүріп жатқанын айта кеткен абзал. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіп пен жүйенің ауқымды трансформациясын бастан өт­керіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, мұндай өзге­ріс­тер ғасырда бір қайталануы мүмкін. Ғалам­дық сипаттағы технологиялық, эконо­ми­ка­лық, геосаяси және мәдени өзгерістер мем­ле­кеттерге, ұлттарға деген қысымды есе­леп арттырып отыр. Осындай геосаяси аума­лы-төкпелі шақта саяси өзгерістерді жасау аса қиын екені мәлім. Сондықтан қазіргідей құбылмалы заман құбыладан жаңыл­мас үшін ұлт және мемлекеттің бір­ле­сіп икемделуін, қоғам мүшелерінің бір-біріне сенуін талап етеді. Қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Әділет, адалдық, мейірім секілді құндылықтар болмаса, сенімнің де болуы мүмкін емес. Сол себепті қазір елімізде сенім мен әділетке сүйенген жаңа қоғамдық келісім қалыптасып жатыр.

Осындай тектоникалық өзгерістер контексі және саяси қалпына келтіру әсе­рінен азаматтарда жаңа мән-мағы­на­ларға деген үлкен сұраныс туындап отыр. Бұл сұраныстардың басты өзегі – «Мен кіммін? Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?» деген сияқты ұлттық бірегей­лік­ті қалыптастыратын сұрақтар екені белгілі. Біздің әр ғасыр сайын, тіпті әр онжылдық сайын жоғарыдағы үш сауалды өзімізге қайталап қойып отыруымыз қажет. Өйткені ұлттың болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы әр кезеңде уақыт пен тарих қойып отыратын мәселелер мен сауалдарға қарай бейімделуге тиіс. Біздің ортағасырлық сананың орманында отырып, яки ХХ ғасырдың жол жиегінде тұрып болашақты көре алмасымыз – басы ашық нәрсе.

Өткенге аз-кем шолу жасасақ, тарихи маңызды өзгерістерде осы өзекжарды сауалдардың жауабын іздеу адамзаттың табиғи әрі іргелі сұранысы екенін көреміз. Мәселен, революция­дан кейінгі Францияда патшалар басқара­тын монархияға қарсы тең азаматтар – француздар құрған Республика идеясы жеңіс­ке жетті; азаматтық соғыстан кейінгі қытайлық бірегейліктің қалыптасуын да осы қатарға қоса аламыз; сол сияқты «XXI ғасырдағы америкалық кім?» деген сұрақ та – осы табиғи сұ­раныстың нәтижесі. Мұндай сұраныстар ұлтты ұйыстырады, оның жаңа сапалық болмысы мен бірегейлігін қалыптастырды. Сондықтан Президент­тің іргелі бастама­лары ішінде Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымы – жаңа заманға сай туындаған ілкімді ізденістер. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байла­нысты», деп атап өткені белгілі.

Әрине, әлеуметтік ғылымдарда ұлттың қалыптасуын түсіндіретін бірнеше теория бар. Олардың ішінде кең танылған­дары примордиализм (ұлттар – ежелден қалыптасқан, табиғи, биологиялық немесе мәдени байланыстарға негізделген қауымдастықтар), модернистік ұлт құру (ұлттар – индустриялану, бюрократия мен білім жүйесінің дамуы нәтиже­сін­де қалыптасқан әлеуметтік топтар) және этностық (ұлттар тарихи этнос­тық қауымдастықтардың жалғасы және мирасқоры). Бұл ретте ұлт теориялары­ның барлығын негізгі екі үлкен топқа жік­теуге болады. Біріншісі, этностық негіз­дегі мәдени моногамды ұлт қалыптасу про­цесі (заманауи Жапония, Корея). Екін­шісі, азаматтық негіздегі түрлі этнос­тың бір ұлтқа ұйысу үдерісі (заманауи америкалық, аргентиналық, француздық ұлт моделі).

Көптеген ғалым қазіргі мағынадағы ұлттың ұйысуын Француз революциясы­нан кейінгі Еуропамен байланыстырады. Бұған келіспеуге де болады. Мәселен, одан бұрын тарих сахнасына шыққан қазақ атауы – ру-тайпаның, әулеттің, яки қазіргіше айтқанда этностың атауы емес, ол – бір кездері дербес хандық құр­ған түрлі тайпаның ортақ мемлекетінің атауы, яғни ұлттың аты. Сол тұстағы бауырлас жұрттардың атауларына үңілсек, олардың әулет, тайпа, аймақ, яки қала атауымен аталғанын аңғарамыз. Османлы, Астрахан, Қасым – әулеттің аты, Қырым, Қазан, Сібір, Хиуа, Қоқан, Бұқара – география­лық аймақтың, яки қалалардың атаулары, осылардың ішінде қазақ хандығы ұлт­тық атауды иеленді. Бұл тұста айта кетер­лік тағы бір жайт, халықтың дүр сілкініп, қысқа мерзімде жаңа мемлекет түзуі – қазақ ұлтының құрылу кезеңінде оның өзегінде пассионарлық, еркіндік, әділдік, жаңашылдық жатқанын көрсетеді. Бір кездері Жошы, Ноғайлы, Моғолстан, Шағатай ұлыстарының құрамында болған тайпалардың ортақ мүддеде тез бірігуі және сырттан енген түрлі элементтерді сіңіруі ұлттық бірегейліктің бір бастауы деуге болады.

Әлеуметтанудың атасы саналатын ибн Халдун ХІІІ ғасырда жазған «Мұқаддима» атты іргелі еңбегінде қоғам мен ұлтты адам өміріне ұқсатады: олар да туады, өседі, өркендейді, кемеліне келеді. Оның пікі­рінше, қоғам ғұмырының өміршең­дігі оның үздіксіз жаңаруына байланыс­ты болса керек. Ғұламаның осы сөзіне иек артсақ, ұлт болып ұйысу, оның жаңа бірегей бейнесін жаңартып, сапасын арттыру – үздіксіз жүретін үрдіс. Сондық­тан «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапа­сын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», деген Мемлекет басшысы билік тізгінін ұстаған алғашқы күннен бастап «Ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыруға айрықша мән беріп келеді.

Адал азамат, Біртұтас ұлт, Әділетті мем­лекет – біз үшін елдіктің үштаға­ны. Өсер елдің, өркенін кеңге жаяр жұрт­тың, қапысыз қоғамдық дамудың, өмір­шең ұлттық ұстанымдардың белгісі. Адал ­азаматтар озық ойлы ұлтқа айналады, береке-бірлігі жарасқан біртұтас қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Бірі­не-бірі байланған, біріне-бірі айнал­ған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біз­дің ұлттық мұратымыз. Әділдік қағидаты, біртұтастық идеясы, береке байламы – бұлар бар жерде елдің еңсесі биік, ертеңі жарқын, мұраты нақ, мақсаты анық. Мұн­дай қоғам ең жауапты кезеңде екіұдай болып жарылып, бөлінуге емес, бірігуге бейім, бір тудың астында тұруға ынталы. Бір мақсат, бір тілекке жұмылуға құлықты. Осындай қоғам ғана біртұтас ұлттық мүдденің жолына қызмет етеді.

Шын мәнінде, әділдік – Президент атап айтқандай, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Бұл ретте әділдік пен жауапкершілік – етене тығыз байланысты ұғымдар. Әл-Фараби айтқан қайырымды қоғам жауапкершілігі жоғары, озық ойлы адал азаматтардан құралады. «Құтты білік» арқылы кемел кісілік пен әділеттің рәмізін мүсіндеген Жүсіп Баласағұнның ілімін жалғаған Абай «Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға» деп әділдік ұғымын толық адам концепциясының өзегіне айналдырады. Абыз ақынның пікірінше, әділетті сүю – Алланы және адамзатты сүю сияқты ізгіліктің бастауы. Ал адал азамат дегеніміз – осы толық адам ұғымының заманға сай жаңғыруы. Сондықтан ол адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды.

Көріп отырғанымыздай, ұғымдар да заманға сай бейімделеді, өзгереді, жаңарады. Мысалы, Абай «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Сондықтан «Озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам», деген Мемлекет басшысы есірткі саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм, ысырапшылдық сияқты бес кеселмен бүкіл ел болып күресудің маңыздылығына тоқталады.

Осы ретте ұлттық бірегейліктің фило­­софиялық концептуализация мен күн­делікті өмірдегі көрінісі туралы айтпай кетпеуге болмайды. Әдетте бұны адамдар күнделікті өмірден алшақ идея­лар деп ойлағанымен, олардың бәрі түрлі әр адамның күнделікті өмірін бағыт­тайтын фундаменталды бағдар­лама іспетті. Сондықтан ұлт ісінде ұсақ нәрсе болмайды. Ол ұраншылдықпен де атқарылмайды. Әрбір азамат күнделікті өмірінде адалдыққа, тазалыққа, білімге, үнемшілдікке, еңбекке ұмтылса, қоғам­ның да кеселден арылып, жаңа сапа­лық деңгейге көтеріле беретіні анық. Бұл ретте Президенттің «Таза Қазақстан» бағдар­ламасына айрықша тоқталып өткен жөн. Бұл жердегі сапа категориясы – тек нарық­тық қатынастағы әр адамға тағы­латын бір маркер емес, керісінше, адам бол­мы­сындағы базалық қасиет­тер­дің өмірдегі көрінісі. Өз кезегінде бұл сапа­лық деңгей азаматтық бірегейлікті ны­ғай­та түседі.

Жалпы, қазір қазақстандықтар арасында азаматтық бірегейлік қалыптасып, оған деген сұраныс бар екенін көре аламыз. Қолданбалы этносаяси зерттеулер инс­титутының зерттеуіне (2022) сәйкес азамат­тардың 36,8%-ы азаматтық басқа бірегейлік формаларын (діни, этностық, кәсіби, т.с.с) жоғары тұратынын айтқан. Яғни азаматтар арасында азаматтық құнды­лықтар басым. Осы ретте Мемлекет бас­шысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әре­кетке, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, яки кем­сітуге мүлде жол бермейтін орта қалып­тастыру маңызды екенін айтқаны белгілі.

Ұлттық бірегейліктің компонеттері мен қолданбалы аспектілері аз емес. Солардың ең бастысы – ортақ мүдде. Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық біре­гейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.

Ортақ мүдде сөз болғанда, ортақ арман туралы айтпай кете алмаймыз. Ғалымдар әдетте «америкалық арман, қытайлық арман» сияқты мысалдар келтіріп жатады, біз Алаш аңсарына тоқталмақпыз. Алаш аңсары бастауын ықылым замандардан алады. Мәселен, іргелі мемлекеттер құрған ғұндар – Жерұйықты аңсады, көк түріктер Өтүкен туралы айтты, Ұлық ұлыс – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» армандады. Бұл ретте қазақ хандығы да Әбілқайыр мен Керей-Жәнібектің, яки Ақжол би мен Қобыланды батырдың өзара ренішінен туған жоқ; ол ыдыраған Алтын ордадан кейін есесі кетіп, еңсесі түсіп есеңгіреген елдің һәм Асан қайғы сынды тұлғалардың құтты қоныс Жиделібайсынды аңсауынан, арманынан құрылды. Ал ХХ ғасырдың басында Абай, Ахметтер «жұтылып кет­пей, жұрт қатарына қосылуды» арман етті. Сондықтан озық ойлы біртұтас ұлты­мыз­дың бүгінгі мұраты – болаша­ғы­мыздың қалпы, бейнесі.

Сонымен қатар «тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір», деген Президент ортақ тарих пен тарихи сананы және тарихи әділдікті ұлттық бірегейліктің басты белгілерінің бірі санайды. Ұлық ұлыстың 750 жылдығы мен Жошының таққа шығуының 800 жылдығы сияқты тарихи оқиғалармен қатар Құрылтай, Түркістан, Ұлытау, Сарайшық сынды ұлттық кодтарға мән беруі, тарихтағы ақтаңдақ беттерді ақтап алу үшін арнайы комиссия құру, көптомдық тарихты қайта жаздыру сияқты іргелі істер – осының айғағы. Бұл жерде атап айтарлық жайт, күштеп ұжымдастыру және репрессия сияқты тақырыптар – еліміздегі түрлі ­этнос өкілдерінің ортақ қасіреті, сондықтан ол да ұлттық бірегейлікті арттыруға қызмет етеді. Бұрмаланған тарихи түсініктен қате таным қалыптасады десек, тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасау­мен бірдей өзекті. Сондықтан ЖОО барлық мамандыққа қазақ тарихы пәні оқытылуға тиіс деп ойлаймыз. Бұл жас­тар арасында отаншылдықты арттыра түсетіні анық.

Ұлттық бірегейліктің тағы бір тетігі – дәстүрге, соның ішінде әр этностың дәстүр-салтына, тілі мен діні, отбасы, ұлттық мәдениетке деген құрмет. Кейінгі жылдары ұлтымыздың дәстүрге деген қызығушылығы еселене түскені анық. Бұқаралық мәдениетте, көпшілік санада бұрынғы дәстүрдің жаңарып кіруі ғана емес, жаңа дәстүрлердің қалыптасуын атап өтуге болады. Мысалы, Наурыз мере­кесі жалпы­азаматтық, этностық қатысты­ғына қара­мастан, ортақ мерекеге айнала алды. Атаулы күндер қатарына қосылған «Домбыра күні» сияқты жаңа мерекелер де азаматтарымыздың жүрегінен орын тауып, қоғамдағы жаңа құндылықтарды орнықтыра түсті.

Заманауи ұлт құру саласындағы не­гізгі теоретиктердің бірі әлеуметтанушы Андреас Уиммердің зерттеуіне сүйен­сек, ұлт ұйыстыру үрдісінің негізгі факторы тілдік бірегейлік пен инклюзивті саяси институттар екен. Тіл бұл жерде не­гізгі коммуникациялық орта жасау­шы болса, саяси институттар – этностарды интеграциялаушы алғышарттың бірі. Сондықтан бірегейлік туралы айтқанда тіл тақырыбына тоқталмай өте алмаймыз. Бұл ретте қазақ тілі ұлттың өзін-өзі қорғай­тын ішкі иммунитеті болғаны белгілі. Әсі­ресе ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары халқымыздың саны 30% төмен түсіп кеткенде ұлттың өзін-өзі сақтау механизмі іске қосылып, зиялы қауым бастап тілді қорғау майданына жұмылды. Өйткені «сөзі өлген жұрттың өзі де өлетін еді». Тәуелсіздік алған 90-жылдары бұл қорқыныш басыла қоймады. Бір жағынан қазақтың саны әлі 40%-ға жетпеген болса, екіншіден «үрей ішке түсіп кеткен еді». Біздіңше, қазақтың саны 70%-дан асқан, өзге бауырлас этнос­тар мен қазақ тілін қолданушыларды қосқанда 80%-ға жақындаған осы тұста бұл парадигма өзгеріп келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі этносаралық, халықаралық тілге айналды.

Еліміздегі демография да қазақ тіліне жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2025 жылы мектептегі 1-сыныпқа 340 мың бала қабылданса, солардың 70%-дан астамы – қазақ тілінде білім алушы. Ал осы жылы мектеп бітірушілердің 77%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақ тілін­де тапсырған. Деректер көрсетіп тұр­ғандай, мемлекеттік тілдің дамуында демо­графиялық күштің үлкен екенін айқын байқауға болады. Жалпы, ұлт болып ұйы­су үдерісіндегі демо­графиялық драйв үлкен әсер етуші қуатқа ие екені белгілі. Алдағы декададағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құбылыстарға белсенді қатысушы миллениал (1984–2000), Z-ұрпақ (2000–2015) және Альфа ұрпақ (2011/15-қазірге дейін) өкілдері Қазақстан халқының 67%-ын құрап отыр. Бұл тренд алдағы онжылдықта әлі де өз ­динамикасын сақтайды.

Ұлтты ұйыстыра түсетін бірегейлік­тің тағы бір маңызды компоненті саяси мәдениет пен заң үстемдігі арқылы кө­рінеді. Елімізде жаңа саяси мәдениет қа­лыптасып келеді. Сонымен қатар заң мен тәртіп үстемдігі мызғымас қағидаға айналды. Елімізде заң алдында бәрі бірдей. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке жол бермейді. Бұл тұрғыда Президент «жасампаз плюра­лизмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанады. «Сингапур кереметінің» авторы Ли Куан Ю «Мықты елдерде элита өзгелерге өнеге көрсетіп, заңды алдымен өздері орындайды, ал әлсіз, әлжуаз қоғамдарда элита заңды бұзады», деген екен. Президент Тоқаев осы қағиданы қаперде ұстаса керек, саяси реформаларды әуелі өзінен бастады. Жақын туыстарын билікке әкелуге тыйым салып, партия төрағалығынан бас тартты, президенттік биліктің жекелеген тармақтарына шектеу салып, оңтайлы өзгерістерді жүзеге асыруда өзі өнеге көрсетті. «Тура биде туған жоқ» екенін айқын аңғартты. Ынсапсыз жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, шетелге заңсыз кеткен қаржыны қайтаруға арнайы комиссия құру, олигархтардың үстінен іс қозғалып, тергеуге алынуы да халықтың сенімін еселей түсті.

Өткенге үңілсек, заң үстемдігінің философиялық негізі есте жоқ ықылым замандардан бастау алады. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру, адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды реттеу, адамды адаммен теңестіруші – заң мен тәртіп. Әрине, тарихи кезеңдерде заң мен тәртіп үстемдігін дамытқан легализм мектебі­нің түрлі өркениеттерде (Ежелгі Қытай, Қосөзен, Ежелгі Эллин, Рим өркениеті) орталық идея тудырушы ағым болғаны анық. Бұл – жай тәртіп үшін қатал болу, билік құру үшін заң үстемдігі емес, одан да терең, қоршаған ортаны жүйелендіру, хаосқа тәртіп әкелу сынды фундаменталды қажеттіліктен туатын сұраныс. Бұл ретте «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», деген Бауыржан Момышұлының сөздерінен дәуірлерден жеткен даналықты байқауға болады. Өйткені кезінде кесімді шешімдерін айтқан билердің үкімдері де қатаң тәртіпті қағидатқа айналдырған.

Ұлттық бірегейлікті қалыптасты­рып, орнықтыратын құндылықтарды тізбек­тей беруге болады. Олардың қатарын­да тәуелсіздік, құқық үстемдігі, қоғамдық диалог, азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімге ұмтылыс, қауіпсіздік сезімі және ұлттық мінезді қалыптастыра­тын еңбекқорлық, жасампаздық, экология­лық мәдениет, ізгі ниет, плюрализм сияқ­ты құнды­лықтарды атап өтуге болады. Бұл ретте «Тәуелсіздік және Отаншыл­дық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасам­паздық және Жаңашылдық. Ұлты­мыз осы идеялық негіздерді басшылық­қа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты ор­нын табады» деген Мемлекет басшысы ұлт­­тың жаңа болмысын қалыптастыру үшін қажетті құндылықтарды жүйелеп берді.

Қорыта айтқанда, қазір адамзат өрке­ниет туралы толғам түсінігін қайта қарау­да. Құндылықтар қайта таразыға түсіп, өркениеттер өзгеретін бұл сын сәтте біз де қарап қала алмаймыз. Осындай ауқымды өзгерістер заманында, тарихи кезеңде ел азаматтардың ішкі дүниесіне жақын, әсіресе демографиялық тұрғыдан жас ұрпақ доминант топтар үшін заманға сай ұстаным­дар мен қағидаттар қалыптастыратын ортақ идеялар қажет екені белгілі. Әрине, қазіргі заманда бұрынғыдай монопо­лия­ға сүйенген бір идеология құру мүмкін емес, алайда пазыл құрастыру үшін картинаны тұтас көре білу маңызды. Сондық­тан саяси-әлеуметтік өзгерістерді түсіндіре алатын, жаңа сападағы саяси ұлт құратын жүйеленген дискурс ұсына алу, оны іске асыру керек. Осы бағытта орта державаға айналған еліміз үшін Президент ұсынған жоғарыда айтылған идеялар мен бастамалар бұлжымас бағдар болары анық. Ендеше, бағытымыз белгілі. Енді керегі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «бірлік керек, керектердің жолында жұмыс істеу керек». Осы ретте ұлтымыздың жаңа болмысы сәт сайын сақайса, күн сайын күшейсе, ай сайын алға озса деген арман да жоқ емес. Ол арман қамсыздықтан емес, қайраткерліктен, қамқорлықтан, уақыт пен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туған ортақ аңсар болса игі.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

сенатор, академик