Елордада Астана күніне орай фотожурналист, өлкетанушы Нұрмұхаммат Имамовтың «Менің Астанам: өткеннен болашаққа» атты фотокөрмесі ашылды. Президент орталығы, «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының , Астана гидтері клубының және Н.Имамовтың отбасының қолдауымен ұйымдастырылған көрме Астана қаласының көрнекі мұрасын сақтауға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, кең ­аудиторияны шынайы деректі фотографиямен таныстырады.

Экспозицияға Нұрмұ­хаммат Имамұлының қырық жылдан астам уақыт бойы «Акмо­лин­ская правда» газеті және басқа да ба­сылымдардың фототілшісі болып жұмыс істе­ген уақытта жасаған 300-ден астам архивтік суреті кіреді. Көрме қала тари­­хындағы ма­ңызды сәттерді қамтиды. Атап айтсақ, алғашқы шағын аудандардың құрылысы, өнеркәсіптік нысандардың ашылуы, тың өлкелерінің кеңестік астанасының күнделікті өмірі, сондай-ақ маңызды әлеуметтік және мәдени оқиғалар. Нұр­мұхаммат Имамов со­ғысты және соғыстан кейінгі бүкіл дәуірді бірге өткізген «Киев» камерасы оның айнымас серігі болды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста Пе-2 шүйілгіш бомбалаушысында радиоатқыш қызметін атқарған. Театр суретшісі Отанына оралғаннан кейін радиомеханик және ретушер болып жұмыс істеді. Фото өнеріне автор өзінің жеке дәптерін­де жазғандай, «Целиноградтың ма­ңызды оқи­ғаларын тіркеу» үшін саналы түр­де, ересек жаста келді.

Президент орталығының директоры Бақытжан Темірболат көрме­нің ашылу салтанатында мәдени оқиғаның қала тарихы үшін орасан маңызы бар екенін атап өтті.

«Қазіргі Астана – тек әкімшілік орталық қана емес, ол – бір ұр­пақ­тың Тә­уелсіз, дамыған және гүл­денген Қазақстан туралы арма­нын бейнелейтін рәміз. Елорда­ның сәулетінде ұлттық дәстүр мен ­заманауи технологиялар үндесіп, оның тарихында – ерлік, еңбек және жасампаздық жатыр. Нұрмұхаммат Има­мовтың фотожұмыстары – жай сурет емес. Бұл – өз дәуірінің тынысын сезіне біл­ген адамның көзқарасы, өзгерістерді көріп, тарихты сақтай алған жанның шынайы хроникасы. Оның объективі – бізді онжыл­дықтармен жетелейтін жол», деді ол.

Көрменің жеке бөлімі 1977 жылы 7 желтоқсанда Тың иге­рушілер сарайында қойылған және жақында фотографтың ұлы Ринат Имамов цифрландырған фо­тосуреттер мұ­рағатына ар­налған. Мыңдаған мұрағатты сақтау және жария­лау жұ­мыс­тары жалғасып келеді, осы мате­риалдардың бір бөлігі автор­лық сайтта да ұсынылған.

Иә, автордың фотосуреттері жай ғана деректі шежіре емес, уақыттың жанды тынысы, дәуірдің мәдени кодына айналды. Олар өткенге деген сағынышты оятып, қазіргі фотографтарды шабыт­тандырады, одан бөлек тарихшы-өлкетанушылар және қала мен елдің өткеніне қызығушылық танытатын жандар үшін құнды ресурс екені де рас.

Фотохроникашының ұлы Ринат Имамов аталған көрме әке­нің рухына деген құрметтің белгісі ғана емес, сондай-ақ қаланың мәдени мұрасына қосылған үлес болды дейді.

«Әр фотосурет тұтас бір дә­уірді қамтиды. Мұнда оның ең жақ­сы туын­дылары ғана емес, сондай-ақ бүкіл тарих – құрылыс алаңдары, мерекелер, көшелер, қала тұрғындарының бет-бейнесі бар. 1962 жылдан бастап суреттер Целиноградтың көрнекі күнделігі. Суреттерді көрген адамдар өзде­рін, жақындарын, көшелерін танып жатыр. Бұл көрме Астана кү­ніне орай және әкеміздің туған күні қарсаңында ашылып отыр. Президент ор­талығының басшылығына ерекше алғыс айтамын», дейді Ринат Имамов.

Сондай-ақ ол фототілшінің архиві өте ауқымды екенін айтты. Алдағы жылы Н.Имамовтың жүз жылдығы қарсаңында тағы да көрме ашылып, қордағы басқа суреттер де ұсы­нылмақ.

Айта кетейік, Президент орталы­ғындағы көрме 10 тамызға дейін жал­ғасады.