Алакөл ауданы әкімі жергілікті халық пен туристердің өзін жайлы әрі қауіпсіз сезіну үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтып берді.
Алакөлдің туристер арасындағы танымалдығы жыл сайын артып келеді. Алайда демалушылар легімен бірге коммуналдық мәселелер де күрделене түсуде. Солардың ішіндегі ең өзектісі – кәріз жүйесі. Дегенмен, жергілікті билік бұл мәселенің шешімі алыс емес екенін айтып отыр.
Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдиновтың айтуынша, көл жағалауында орналасқан Ақши ауылында соңғы жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ауылда ішкі су құбыры желілері салынған және олар жағалаудағы барлық санаторийлер мен демалыс базаларына қосылған.
Алайда ең маңызды мәселе – Алакөлдің экологиялық қауіпсіздігі, ол тікелей канализация жүйесінің құрылысының аяқталуына байланысты.
"Канализациялық құбырлар арнайы жоба аясында толықтай тартылып болды. Бұл кезең өткен жылы аяқталып, қабылдап алынды. Қазіргі таңда тазарту құрылғыларының құрылысы жүріп жатыр. Егер бәрі жоспарға сай болса, келесі жылы Ақши ауылындағы су, кәріз және электрмен жабдықтау бойынша коммуналдық мәселелер толық шешімін табады", – деп сендірді әкім.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Қытай арасында жаяу туристік жол ашылады
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, 17 көшені және 34 шақырым жолды күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын. Құны 3,1 млрд теңгені құрайтын жоба қаржыландыруға ұсынылған. Қаражат бөлінсе, ауылдың бүкіл жағалау аумағы асфальтталады.

Тағы бір маңызды мәселе – жағалауды шайылудан қорғау. Бұған дейін басталған жұмыстар мердігердің тарапынан кеткен заң бұзушылықтар салдарынан тоқтатылған болатын. Енді қаржыландыру қалпына келтірілді және 1 шілдеден бастап жағалауды бекіту жұмыстары қайта жалғасын тапты. Жоба екі кезеңнен тұрады: алдымен инженерлік бекіту, кейін көркейту жұмыстары жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Былтыр Алматының туризмдегі салық түсімдері екі есе өсіп, 90,7 млрд теңгеге жетті
Маусымның қызған шағында жағалауда медицина қызметкерлері, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады. Медициналық пункт пен зертхана ашылған, екі жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ТЖМ және өрт сөндіру қызметінің мамандары да тартылған.
"Барлық жұмыс туристердің өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін, ал кәсіпкерлердің тыныш әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін жасалып жатыр. Мемлекет пен жергілікті билік барынша күш салып отыр", – деп атап өтті Алмас Әбдинов.