Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды Ақорда.
Кеңеске премьер-министр Олжас Бектенов, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
"Бұл технология әлемдегі барлық елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Осы стратегиялық бағытта табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл жұмысқа мен ең маңызды басымдықтың бірі ретінде қараймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады. Бұл, әрине, теңдесі жоқ өсім болмақ. Жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашады", — деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір бұл саладағы бәсеке күшейді.
"Биыл шілде айында АҚШ Президенті Дональд Трамптың Әкімшілігі "America’s AI Action Plan" стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Мамандарымыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зерделеп, нақты қорытынды жасауы керек. Ал Қытай Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Мақсат – жасанды интеллектіні басқаруға арналған көпжақты тәсілдерді ілгерілету, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, жасанды интеллектіні тұрақты қолдану және оны пайдалану этикасын қалыптастыру. Қытайдың мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет. Бұл – еліміздің мүддесі. Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек. Әр мәселеге жүйелі түрде қарап, батыл шешімдер қабылдап, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажет. Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін екінші басымдық ретінде атады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл – анық нәрсе.
"Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек. Үкімет Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуге тиіс. Бұл іске халықаралық компаниялар мен беделді сарапшыларды тарту қажет. Құжат прагматикалық тұрғыдан барынша жетік, айқын әрі алдағы жұмысымыздың бағыт-бағдары ретінде қызмет етуге тиіс. Онда жасанды интеллектіні дамыту және қолданудың барлық аспектісіне қатысты кешенді шаралар қамтылуы қажет. Ол экономика мен мемлекеттік секторға аталған технологияны енгізу тұрғысынан нақты әрі түсінікті болуға тиіс. Құжаттың міндеті – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға және жаңа индустрияларды құруға ықпал ету. Сонымен қатар жаппай оқыту бағдарламалары мен кадрларға сұранысты болжау арқылы еңбек нарығындағы трансформацияны басқаруға назар аударған жөн", — деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады
"Қазір ChatGPT қағидатымен жұмыс істейтін кейбір жобалар енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер азаматтардың өтініштеріне жауап беруге септігін тигізуде. Дегенмен мұны алдағы үлкен жұмыстың алғашқы қадамы ғана деуге болады. Озық технологияның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Яғни құжаттар электронды түрде беріледі, өңделеді, бірақ рәсімдеудің өзі мемлекеттік қызметшінің араласуын талап етеді. Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі бюрократияны цифрлық форматқа көшіру ғана. Бұдан тиімділік еш артқан жоқ. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өзгертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек. Ал одан босаған ресурстарды басқа да күрделі әрі пайдалы жұмыстарға жұмсауға болады. Сондықтан үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйесінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
"Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді", — деді президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз