Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сауда саласын цифрлық трансформациялау мен дамыту болашағы қаралды. Сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту мәселесі де күн тәртібіне шықты.
Сауданың цифрлық айнасы
Қолданысқа жаңадан енгізіліп жатқан «Сауданың цифрлық айнасы» моделі өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын толық цифрландырады. Бұл модель тауардың код беру мен әкелуден бастап дүкендегі сатылым мен тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңді тіркеп тұрады. Осылайша, тауардың тұтас циклын қамтитын толық цифрлық экожүйе құрылады.
«Биыл тауар мен жұмыстың, сондай-ақ көрсетілетін қызметтің жалпы классификаторын жүргізу тәртібі мен Ұлттық тауарлар каталогі ұғымын және міндетті түрде қолдануды көздейтін қажетті заңнамалық нормалар қабылданды», деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Жаңа ереже мен тәртіпті тәптіштеген министр, мемлекеттік аппаратты ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мен қағаз түріндегі «жалған сертификат» мәселесін шешу керек екенін айтты. Мұнымен бірге, техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіндегі «Кеден» ақпараттық жүйесін, Ішкі істер, Ғылым, Еңбек министрліктерінің жүйелерімен, мемлекеттік сатып алулар паспортын, маркетплейстер мен Еуразиялық экономикалық одақтың тізілімімен интеграцияланатынына тоқталды.
«Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласын цифрлық трансформациялау міндетін қойды. Көріп отырғанымыздай, сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Тауарларды толық қадағалау және сәйкестендіру аясында Тауарлардың ұлттық каталогі енгізілуде. Бұл тауарларды өндіруден немесе әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі барлық кезеңде оларды жіктеуге негіз болады. «Астана-1» және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қамтамасыз етілді», деді Үкімет басшысы.
Алайда тауарларды цифрлық қадағалаудың қолданыстағы жүйесі өнімдердің шектеулі санаттарын ғана қамтиды және әр жерде бөлек-бөлек орналасқан анықтамалықтар мен деректер форматына сүйенеді. Осыған байланысты Қаржы және Сауда министрліктері басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогін барлық салада енгізу жұмысын күшейтуі қажет.
«Бизнесті осыған белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Техникалық реттеу – маңызды мәселе. Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімдерінің ашық болмауы мен қағаз құжаттардың қайталанатынын айтып жатыр. Бұл мәселелерді сертификаттау, аккредиттеу және стандарттау тетігін жаңғыртуға бағытталған Е-ТРМК техникалық реттеу жүйесі шешуге тиіс. Осыған байланысты Сауда, Қаржы, Цифрландыру министрліктері жыл соңына дейін Е-ТРМК жүйесін салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен толық интеграциялауы керек», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, Сауда министрлігі тарапынан таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмысы жүргізілмеген.
«Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру керек. Сондай-ақ агромаркетплейс пен қадағалау жүйесін іске қосу жөніндегі бастамалардың маңыздылығын атап өткім келеді. Олар ауылдық елді мекендерде экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етеді. Сыртқы сауда қызметі аясында тауарларды әкелу үдерістерін автоматтандыру, мәмілелердің ашықтығы мен сертификаттау мәселелерінде бизнеске көмек көрсету қажет. Сауда министрлігіне «Қазпоштамен» бірлесіп, жыл соңына дейін В2В электрондық сауда алаңының қанатқақты жобасын іске қосуды тапсырамын. Осы мәселелердің барлығы икемді ведомствоаралық өзара іс-қимылды және бизнеспен тұрақты ашық диалог жүргізуді талап етеді», деді Премьер-министр.
Денсаулық саласында жаңа жоспар бекітілді
2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ана мен бала өлімін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдауға ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспарын бекітіпті. Бұл туралы Үкімет отырысындағы баяндамасында сала басшысы Ақмарал Әлназарова айтты.
«Қабылданған шаралар ана мен бала өлімі көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік берді. Әрине, бұл – медицина қызметкерлері еңбегінің нәтижесі. Ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту мен оларды орнықтыру болашақ аналар мен балалар үшін қолжетімді медициналық көмек алуға жағдай жасайды. Сонымен қатар акушер, гинеколог, неонатолог, педиатр мен реаниматологтерді жетекші отандық және шетелдік орталықтарда тұрақты оқыту мен қайта даярлау жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет. Біз дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындау үшін босану кезіндегі күрделі әрі қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Денсаулық сақтау жүйесін дұрыс ұйымдастырған жағдайда, көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Кейінгі жылдары ана мен бала өлімін 6 еседен астам төмендете алдық», деді О.Бектенов.
Үкімет басшысы азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету үшін атқарылатын маңызды шараларды атап өтіп, нақты тапсырма берді.