30 шілдеде Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл мәселемен әр мемлекет, оның ішінде біздің елімізде күреседі. Бұл күрес түрінің барысын Мәжіліс депутаты Марат Башимов баяндап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні 2013 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен бектіліген. Оның негізгі міндеті — адам саудасы құрбандарының жағдайы туралы хабардарлықты арттыру, олардың құқықтарын көтермелеу және қорғау.

Мәжіліс депутаты Марат Башимовтың пікірінше, егер бұл мәселеге бұрын жүрдім-бардым қараушылық болса, Қазақстан басшылығына келе салысымен Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын құқық қорғау мәселесіне, онда да құлдық пен адам саудасына қарсы іс-қимылға бірден аударған.

"2020 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Қазақстан басшысы адам саудасына қарсы күрес мәселесін қозғай келе, жаңа заң қабылдауды тапсырған. Қабылданған заң Қазақстан Конституциясының нормаларын іске асырады, БҰҰ-ның Палермо қағидаттарын, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, ЕҚЫҰ-ның және басқа да халықаралық құжаттардағы талаптарды ескерді. Халықаралық сарапшылар оны осы саладағы адам құқықтарын қорғаудың соңғы тенденциялары мен тәсілдерін ескеретін тамаша заңдардың бірі ретінде атап көрсетеді. АҚШ-тың адам құқықтары жөніндегі есебінде Қазақстанның осы зұлымдықпен күресу бойынша үлкен жұмыс атқарып жатқаны анық жазылған", деп жазады депутат Facebook-тегі парақшасында.

Ол адам саудасының кешенді алдын алу мақсатында "Адам саудасының әлеуетті құрбаны" деген халықаралық ұғым нақты белгіленгенін атап өтті. Бұл — осал тұсы бар және материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділік салдарынан құлдыққа түсу қаупіндегі кәмелетке толмаған немесе қарт, жетім немесе қараусыз адам, жүкті, мүгедек жан, психикалық және өзге де ауруы барлар, есірткі, алкоголь немесе психотроптық заттарды теріс пайдаланушылар, жұмысы, құжаты, баспанасы жоқтар, сондай-ақ реттелмеген көші-қон салдарынан зорлық-зомбылық немесе қанау объектісіне айналуы мүмкін адамдар мәртебесі.

"Осал санатқа жататындықтан кәмелетке толмағандардың құқықтарын неғұрлым тиімді қорғауға және осыған байланысты профилактикалық жұмысты күшейтуге жеке тарау арналған. Бұл арада татуласу институты қарастырылмаған", — дейді депутат.

Бұл ретте, оның пікірінше, адам саудасының әлеуетті құрбандарымен, оның ішінде кәмелетке толмағандармен және шетел азаматтарымен еңбек шартын жасаспаушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту маңызды болып табылады. "Бұл толықтай, жаппай кең алуы ықтимал еңбекті қанаудың ауыр түрлеріне әкеліп соқтыруы мүмкін", – дейді ол.

"Бүгінде адам саудасының жаңа түрлері пайда болуда. Мысалы, саудагерлер әлеуметтік медиа арқылы әрекет етіп, жарнаманы өз мақсаттары үшін кедергісіз пайдаланады. Енді, ең бастысы, интернет арқылы жыныстық қызметтерді ұйымдастыруға қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Мен жетекшілік еткен Мәжілістегі жұмыс тобы үлкен жұмыс атқарды. Депутаттар заңдарға 100-ден астам түзетулер енгізді. Қазақстан Президентінің 2022 жылы жүргізген конституциялық реформалары көптеген құқық қорғау заңдарын еш іркіліссіз қабылдай бастаған Мәжілісті тиімді әрі ықпалды ете түскенін баса атап өткім келеді". Марат Башимов

Депутаттың пікірінше, уақтылы қабылданған кешенді заң өзекті болып табылады.

"Заң және оның құрылымы адам саудасының алдын алу үшін жұмыс істейтін болады және мемлекет адам құқығына қарсы, адам құқығын бұзатын іс-әрекет, яғни адам саудасымен айналысатындарға төзімділік танытпайтынын және жәбірленушілердің құқықтарын қорғайтынын анық көрсетеді. Қазақстанда адам саудасына жол жоқ!", деп сөзін қорытындылайды Марат Башимов өз жазбасында.

Қазақстанда адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 13 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның екеуі – мемлекеттік секторда (Абай облысы, Шымкент), 11-і емлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде (Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, Астана) әрекет етеді.

Бұған дейін Қазақстанда адам саудасына қатысты 40 қылмыс анықталғанын жазғанбыз.