Құжаттың жекелеген баптары жаңа редакцияда жазылды.


Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заңға енгізілген қоғамда үлкен резонанс тудырған түзетулерді қарау барысында сенаторлар құжаттың ең сезімтал нормаларын жан-жақты қайта қарап, неғұрлым теңгерімді әрі ізгілікке негізделген тәсілді қалыптастыруға бағытталған бірқатар принципті өзгерістер ұсынды.

Жұмыс тобының құрамына зооқорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, экологтар, ғалымдар мен сарапшылар кірді. Сонымен қатар, өңірлерден де ұсыныстар жолданды. Жұмыс тобы заңды қарау қорытындысы бойынша, сондай-ақ Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық акциясында сөйлеген сөзінде жүктеген міндеттеріне сүйене отырып, ұсынылған нормалар белгілі бір түзетулерді қажет етеді деген шешімге келді.

Осыған байланысты Сенат заңға өз түзетулерін енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды.

"Сенат қоғамда кең резонанс тудырған Заңның 15-бабында жануарлар санын реттеу кезінде "эвтаназия" терминін қолданудан бас тартты. Мәжіліс қабылдаған Заңның 15-бабында иесіз жануарлар панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне жеткізілгеннен кейін бес тәулік өткен соң, сондай-ақ ауру, негізсіз агрессия танытатын, қараусыз және иесі табылмаған жануарларға қатысты, Азаматтық кодексте көзделген мерзімдер өткеннен кейін эвтаназия қолдану көзделген еді. Аталған бапта Сенат иесіз жануарлар санын реттеу кезінде "эвтаназия" терминін қолданудан бас тартуды ұсынды.

Сонымен қатар, кең қоғамдық талқылауға түскен 5 тәулік мерзімін қолданудан да бас тарту ұсынылды. Иесіз жануарлар санын реттеудің нақты тәртібі мен мерзімдерін әр өңірдің мәслихаттарына дербес айқындау ұсынылды", – делінген Сенат жариялаған анықтамада.

Сенаторлар ұсынылған бес күн ішінде жануардың иесін табу әрдайым мүмкін болмайтынын түсінеді. Сонымен бірге, иесіз жануарлар санын реттеу қажеттілігі де күмән туғызбайды. Бұл мәселе еліміздің бірқатар өңірі үшін өзекті. Осыған байланысты жергілікті мәслихаттардың шешімдері әр қала мен облыстағы нақты жағдайды ескеруге, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ иесіз жануарлар санының бақылаусыз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сенаторлар "иесіз жануарлар" ұғымына қатысты даулы тұжырымға да назар аударды. Қабылданған заңда арнайы чипі жоқ иттер мен мысықтарды иесіз жануарларға жатқызу ұсынылған болатын. Сенаторлардың пікірінше, чиптің болмауы әрдайым жануардың иесі жоқ дегенді білдірмейді. Бұл іс жүзінде үй жануарларының қате түрде иесіз деп танылуына әкелуі мүмкін және оның жағымсыз салдары болуы ықтимал.

Осыған байланысты қолданыстағы заңнама нормасын сақтау ұсынылады: иесіз жануардың негізгі белгісі ретінде чип сияқты есепке алу құралының болуы емес, оның иесінің болмауы қарастырылуы тиіс. Сенаторлар бүгінгі таңда барлық үй жануарлары чиптелмегенін ескере отырып, бұл түзету құқық қолдану тәжірибесіндегі тәуекелдер мен теңгерімсіздіктерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Мәжілісте ұсынылған жаңа түзетулер аясында:

  • үй жануарларын өсіру мен айналымына бақылауды күшейту ұсынылды. Енді үй жануарларын сату және беру тек оларды есепке алған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл тетік селекционерлер мен кинологиялық клубтардың ғана емес, жануар өсірумен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғалардың қызметін реттеуге мүмкіндік береді;
  • жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту мақсатында уәкілетті органға ұстауға, өсіруге және айналымға тыйым салынатын жануарлардың тізбесін белгілеу құзыретін беру ұсынылды;
  • азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған норма енгізілді. Енді үй жануарының иесі оны серуендету талаптарын бұзып, соның салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, басқа жануарларға немесе мүлкіне зиян келтірсе, келтірілген зиянды өтеуге міндетті. Сонымен қатар, егер адамның денсаулығына ауыр немесе орташа зиян келтірілсе, иесі мұндай жануарға эвтаназия жүргізуге міндетті;
  • жануарларды ұстау, серуендету, аулау, уақытша ұстау және жою қағидаларын әзірлеу бойынша әкімдіктердің, ал оларды бекіту бойынша мәслихаттардың өкілеттіктерін нақтылау ұсынылды;
  • жануарларды аулау, уақытша ұстау және жоюдың үлгілік қағидаларына сәйкес жедел әрекет ету шараларын ұйымдастыру өкілеттіктерін бекіту ұсынылды.

Айта кету керек, бұған дейін 100 мыңнан астам қазақстандық бұралқы иттерге қатысты жаңа бастамаға қарсы шыққанын жазғанбыз.