Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбады.


Елімізде жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімі қысқаруы ықтимал. Әзірге құзырлы орган бұл мәселені пысықтап жатыр. Яғни, түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Соған қарамастан, ықтимал өзгеріс қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік төлем мерзімі пандемияға байланысты 6 айға дейін ұзартылғанын тілге тиек етті. Айтуынша, енді бұл жәрдемақы түрін қазіргідей ұзақ төлеп отырудың қажеттілігі жоқ.

"Жұмыссыз қалған адам небәрі үш күн ғана тіркеуде тұрады. Бұл дұрыс емес, оны да өзгертеміз. Тіркеу мерзімін қайтадан 10 күнге дейін ұзартамыз әрі жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу кезеңін 4 айға дейін қысқартамыз", – деп түсіндірді министр.

4 ай жеткілікті ме?

Экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша, бүгінгі таңда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мерзімін 6 айдан 4 айға қысқарту туралы ұсыныс қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр.

"Әрине, бұл қадамның артында бюджет тапшылығын реттеу және әлеуметтік масылдықпен күрес секілді фискалдық мақсаттар тұрғаны түсінікті. Алайда экономикалық логика тұрғысынан қарасақ, бұл шешімнің азаматтар мен мемлекет арасындағы әлеуметтік келісімге нұқсан келтіру қаупі жоғары. Біріншіден, қазіргі таңда салық жүктемесі артып түрлі міндетті төлемдер көбейіп жатқан тұста мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік кепілдіктердің азаюы – логикаға қайшы әрекет. Егер азаматтар өз табысынан әлеуметтік сақтандыру қорына тұрақты түрде аударым жасаса, олар қиын сәтте лайықты көмек алуға құқылы. Ойын барысында ережелерді өзгертіп, төлем мерзімін қысқарту бұл тек үнемдеу емес, азаматтардың еңбегіне деген құрметтің төмендеуі ретінде қабылданады", – деп есептейді ол.

Сарапшы "масылдық" терминін жұмысынан айырылған барлық азаматтарға таңу қауіпті үрдіс екенін айтады.

"4 ай – бұл білікті маманның өз деңгейіне сай лайықты жұмыс табуы үшін өте қысқа мерзім. Бұл адамдарды кәсіби деңгейі төмен жұмысқа келісуге немесе несие тұзағына түсуге мәжбүрлейді. Бұл түптеп келгенде экономикадағы еңбек өнімділігін төмендетіп, әлеуметтік кернеуді арттырады. Бюджет тапшылығын халықтың әлеуметтік қорғанысын кесу арқылы емес, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, квазимемлекеттік сектордың шығындарын оңтайландыру және көлеңкелі экономикамен күресу арқылы шешу әлдеқайда әділетті болар еді. Жәрдемақының жоғары шегін қайта қарау мәселесі де сақтандыру принципіне негізделуі тиіс, яғни көп төлеген көбірек алуы керек. Мемлекет балық бергенше, қармақ беруі керек дегенмен келісемін, бірақ қармақ беру процесі сапалы жолға қойылмай жатып, беріліп жатқан балықты тартып алу – экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да тиімсіз қадам", – деп атап өтті сала маманы.

Бүгінде жұмысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы 1 айдан 6 айға дейін төленеді. Оның мөлшері азаматтың орташа айлық табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Өтінішті "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы, тұрғылықты жердегі мансап орталығы, электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz арқылы беруге болады. Ол үшін алдымен жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.