Өткен аптада білім ордаларын басқару жүйесіне қатысты ұсынылған өзгеріс Парламент қабырғасында қызу талқы туғызды.


Мәжілісте жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта мектептерге бөлінетін білім бюджетін облыс деңгейінен қайтадан аудандық деңгейге беру мәселесі көтерілді. Бірі осы арқылы ауыл мектептерінің мәселесі тез шешіледі десе, екінші тарап бұрынғы жүйедегі кемшіліктер қайталануы мүмкін деп алаңдайды.

Депутат Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық бюджеттен қайтадан ауданға беруді қолдамады. Ол 30 жыл бойы мектептердің аудан әкімдіктеріне бағынғанын, бұл жүйеге оралудың дұрыс шешім еместігін баса айтты. Сондықтан да халық қалаулысы мәселенің шешімі ретінде гибридті модельді қарастыруды ұсынып отыр. Яғни, білім мазмұны, кадрлар, директорды тағайындау, аттестация, методология, оқу бағдарламаларын облыстық деңгейде қалдырып, шаруашылық, инфрақұрылым мәселелеріне жауапты етіп әкімдіктерді бекіту жөнінде сөз болды.

Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев білім саласы бюджетінің аудан деңгейіне берілуін құп көреді.

"Ауыл, аудандарға барған кездегі әкімдер айтатын ең басты мәселе – бұл білім бюджетінің облыста қалып қоюы, ауданға түспеуі. Салдарынан мектептердің, білім ордаларының мәселесін уақытылы шеше алмауы орын алады. Біздің депутаттық сауалымызға жауап берген Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин былай деді. Мектепке дейінгі білім беру, тәрбие және бастауыш, орта, жалпы орта білім беретін саланың бюджетін облыстан ауданға түсіру туралы шешімді Үкіметтің қолдағаны айтылады. Сол шешім қаралып жатқан жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасының қорытындысының шеңберінде дайындалып жатқаны белгілі болды", – деді ол.

Депутат Мұрат Әбеновтің сөзінше, халықаралық тәжірибеде мектептер, балабақшалар көп жағдайларда шаруашылық, басқару жағынан ауданға, ал білім мазмұны бойынша облыстық, республикалық деңгейге қарайды.

"Бірақ 2021 жылғы реформа сапалы өтті деп айта алмаймын. Аудандық деңгейден билікті алып қою кейін бізге үлкен проблемалар туғызғаны рас. (...) Балабақша мен мектептерді тікелей министрліктің жанындағы Қаржы орталығына бағындырып қойдық. Облыс әкімдері қандай қаржы бөлініп жатқанын білмейді. Кім тағайындалып отыр? Кім мектеп ашып отыр? Қайдан ақша келді? Балабақшаларда да сондай, әркім балабақша ашты. Айналып келгенде, Жоғары аудиторлық палата да, құқық қорғау органдары дәлелдеп, мектеп директорлары ұсталып бастады", – деп атап өтті мәжілісмен.

Мұрат Әбенов салада бақылау болмағанын жеткізді.

Сарапшы өз ойын ортаға салды

Ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, аудандық білім бөлімдерін аудан әкімдіктеріне толық бағындыру – білім жүйесін басқарудың әлсіреуіне әкелетін қауіпті қадам.

"Біріншіден, білім сапасының басты өлшемі – кәсібилік пен тәуелсіздік. Ал әкімдікке тәуелді бөлім ең алдымен білім сапасын емес, жергілікті биліктің мүддесін орындауға мәжбүр болады. Мұғалім білім берушіден гөрі "әкімдік тапсырмасын орындаушыға" айналу қаупі туады. Екіншіден, бұл шешім мектепті саясаттандыруға жол ашады. Кадр таңдау, директор тағайындау, қаржы бөлу кәсіби критериймен емес, адалдық пен "ыңғайлылық" принципімен шешілуі мүмкін. Соның салдарынан мықты педагог емес, "ыңғайлы" педагог алға шығады", – деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Сарапшы қысқа мерзімді көрсеткіштер білімнің ұзақ мерзімді мақсаттарын ығыстыратынын атап өтті.

"Әкімдік үшін бастысы – есеп, рейтинг, ашылу рәсімдері мен көрнекі нәтижелер. Ал білім үшін бастысы – ұрпақтың болашағы, ол бір сайлау мерзіміне сыймайды. Тарих мұндай қателіктердің салдарын көрсеткен", – деді Өмір Шыныбекұлы.

Мектепті әкімдікке беруге қарсы петиция пайда болды

Петиция авторлары бұл өзгеріс 2021 жылғы реформаның негізгі жетістігі – білім беруді басқарудың кәсіби вертикалды моделін жойып, мектептерді қайтадан жергілікті атқарушы биліктің әкімшілік-шаруашылық ықпалына тәуелді етеді деп санайды.

"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) қағидаттары бойынша білім беру жүйесі саяси және жергілікті шаруашылық қысымнан тәуелсіз болуы тиіс. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білім сапасының өсуі кәсіби, орталықтандырылған вертикалды басқарумен тікелей байланысты. Ал жергілікті әкімдікке бағындыру мектепті саяси науқандар мен шаруашылық жұмыстардың құралына айналдыру тәуекелін тудырады. Бұл "деполитизация" қағидатына қайшы. Сонымен қатар, қайта орталықсыздандыру бірыңғай стандарттарды әлсіретіп, аймақтық теңсіздікті күшейтуі мүмкін. Ұсынылып отырған норма Қазақстанның OECD стандарттарына ұмтылысына қайшы келеді", – делінген құжатта.

Сонымен қатар қазіргі ұсыныс бірқатар жүйелік тәуекелдердің пайда болуына әкелуі мүмкін екені де айтылған.

"Педагогтарды сенбілік, санақ, көше сыпыру, сайлау науқаны сияқты кәсіби қызметтен тыс жұмыстарға қайта тарту қаупі бар. Педагогтарды жұмыс уақытында да, жұмыс уақытынан тыс та қосымша жұмыстарға тарту олардың мәртебесінің құнсыздануына және кадр тапшылығының одан әрі күшеюіне әкеледі. Бұл "Педагог мәртебесі туралы" Заңның іс жүзінде орындалуына кедергі келтіреді. Бұл жағдай мұғалім мамандығын таңдаған және таңдауды жоспарлап жүрген азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеледі", – деп жазылған петицияда.

Бұдан бөлек "оқушылардың жетістіктерін бағалау мәселесінде мұғалімдерге түсетін қысымның артатыны, мұғалімдердің қайтадан әкімдік қызметкерлерінің туыстарына жоғары баға қоюға мәжбүр болу қаупі бар" екені айтылған. Петиция авторлары "директорлар мен меңгерушілерді тағайындауда "тамыр-таныстық" факторының күшею қаупіне" де алаңдап отыр.

Депутаттардың талқысына түскен норма енді тиісті заң жобасының екінші оқылымында қаралуы мүмкін. Содан кейін ғана мәселенің қалай шешілгені белгілі болады.